CaspianLife, 1 сәуір — Көрші Астрахань облысында басталған «Каспий –достық теңізі» атты мотошеруге қатысушылар Атырауға жетті деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Шеруді Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкин бастады. Ресейліктердің мұндай іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсаты – Каспий теңізі арқылы байланысатын көрші елдермен қарым-қатынасты нығайту. Қонақтарды Атырау жұрты зор құрметпен күтіп алды. Мотошерушілер Атыраудан кейін Ақтау қаласына жол тартады. Әрі қарай, Түркіменстан, Иран мен Әзірбайжанда болады. Одан кейін Дағыстан Республикасы арқылы Астрахань қаласына қайтып оралады. 1 сәуірде басталған мотошеру 11 сәуірде аяқталады деп жоспарланып отыр.
«Мотошеруді ұйымдастыру туралы ой 2 жыл бұрын келген. Сәті енді түсіп жатыр. 11 күннің ішінде шамамен 5 мың шақырым жол жүруіміз керек. Осындай ауа-райына қарамай бізді күтіп алған азаматтарға алғыс айтамыз», — деді Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкин.