CaspianLife, 1 сәуір — Атырау облысында жұмыс істеп жатқан компаниялардың бірі Англиядан келген инженерге 10 есе көп айлық төлеген деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Мұндай мәліметті ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Ulysmedia.kz сайтының ақпаратына сүйенсек, Төлеген Оспанқұловтың сөзінше «Атырау облысында «Фиркрофт Инжиниринг Сервисез Лимитед» ЖШС-де Англиядан келген жоба инженерінің жалақысы сол лауазымдағы жергілікті маманға қарағанда 10 есе көп болған. Атап айтқанда, шетелік маман айына 15 млн 760 мың теңге, ал жергілікті қызметкер 1 млн 927 мың теңге алып келген.
Жалпы былтыр еліміздің облыстарындағы прокурорлар мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп шетелдік жұмысшылардың саны 30-дан асатын 64 мекемеге тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 1150 бұзышылық анықталыпты. Оның ішінде: 179 – еңбекақы төлеудегі диспропорция жағдайы; 399 – шетелдіктердің рұқсаттарда көзделмеген жұмыстарды орындау жағдайы; 210 — талаптарды сақтамау жағдайлары; шетелдіктердің білімінің олар атқаратын лауазымдарға сәйкес келмеу жағдайлары – 205; Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатсыз шетелдіктердің еңбек қызметін жүзеге асыруының – 157 жағдайы.
«Аталған бұзушылықтарды жою үшін 66 ұсыныс енгізіліп, 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы сомасы 64,3 млн теңгеге айыппұл салынды, әкімдіктер 390 рұқсатты қайтарып алды», – деді ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.
Фото: Egemen.kz