CaspianLife, 28 наурыз — Бас айналу, жүрек айнуы, әлсіздік — атыраулықтарды бүгін түнімен мазалап шықты. Олар мұны қаланы жайлаған сасық иіспен байланыстырады деп хабарлайды сaspianlife.kz. Оның жаны да бар. Өйткені ауа сапасын бақылайтын сайт қаланың кей жерінде күкіртті сутегінің нормадан 20 есе артқанын көрсеткен. Ал шектік норма – 8. Тұрғындар бұған қала ішіндегі Атырау мұнай өңдеу зауытын кіналайды.
«Мамандығым — химик, технолог. Құрама штаттардағы әріптестеріммен осы мәселені талқыладық. Менің ойымша, зауыттың жұмыс процесі дұрыс емес. Қала тұрғыны ретінде ауаны үнемі мониторниг жасауды, зауыттағы процесті қалыпқа келтіруді және бәрінің ашық болуын талап етемін. Булану алаңы дегенге сенбеймін, зауыттан шыққан иіс деп есептеймін.Онда жұмыс істемегендіктен нақты айта алмаймын, бірақ жеке ойым осындай» — деді қала тұрғыны Қарлығаш Құдайбергенова.
Бірақ, Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы тұрғындардың бұл уәжін жоққа шығарды. Олар мұны әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялады.
Облыстың бас экологы Әлібек Бекмұхамбетовтің сөзінше сасық иіс «Квадрат» булану алаңынан жетіп тұр. Және бұл иістің жуықта кетпеуі мүмкін. Өйткені жел екі-үш күн бойы солтүстік-батыстан соғады. Ал эпидемиолог мамандар тұрғындардан түскен арыз-шағымды негіз етіп алып, тексеріс жүргізуге кірісті. Экологтардың айтуынша, Атырау халқы жағымсыз иіс дегенді келесі жылдан бастап ұмытады. Өйткені булану алаңын рекультивациялау жұмыстары жасалып жатыр.Бұл жұмысқа жауапты мекеме 2024 жылға дейін 398 гектар аймақты тазалауы керек. Квадрат булану алаңының жалпы ауданы 600 гектардан астам. Ал атыраулықтар жергілікті биліктен экологиялық жағдайға байланысты заңды митинг өткізуге рұқсат алу үшін арыз жазуға кірісті.