CaspianLife, 22 наурыз — Атырауда Наурыз мерекесі кең көлемде тойланды, деп хабарлайды CaspianLife.
Ұлыстың ұлы күніне арналған концерттік бағдарлама Исатай – Махамбет атындағы орталық алаңда өтті. Қарақұрым халық, көтеріңкі көңіл күй. Ауа райы да тамылжып тұрды. Жергілікті өнерпаздар ән айтып, би билеп, көптің көңілін көтерді. Жиналғандарды облыс әкімі Серік Шәпкенов құттықтады
«Қадірменді ағайын, құрметті жерлестер! Баршаңызды бүгінгі келіп жеткен Әз Наурыз күнімен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Міне, бүгін баршамыздың жақсы істерді істейтін, қайырымдылық істерді істейтін, көңілімізде ескіден қалған кірбің болса кешіретін күніміз. Сонымен қатар табиғат ананың өзі оянып, даламызда бәйшешегіміз гүл ашып жатса,біз өзіміздің ішімізден жаңа жасампаздыққа бастап жатамыз. Әрқашанда еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» — деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.
Орталық алаңда қала тұрғындарынан бөлек шетел азаматтары жүрді. Олар Наурыз мерекесінің өзге мейрамдарға еш ұқсамайтынын, сондай-ақ қазақтың салт-дәстүрлерінің тағылымға, тәрбиеге толы екендігін және мұның бәрінің өздеріне ерекше әсер қалдырғанын айтты.
«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын!) Наурыз мерекесі құтты болсын. Бұл нағыз ұлттық мереке. Адамдардың көңіл күйі ерекше. Ауа-райы да қарасып тұр. Наурыз мейрамы менің есімде қалатын мерекелердің бірі» — АҚШ азаматы Хэймиш Полс.
Көптен күткен – Наурыз! Көктемнің келуі, табиғаттың жаңару кезеңі, ұлыстың ұлы күнін облыс орталығынан бөлек, барлық аудан, ауылдардардың халқы сән-салтанатымен тойлады.