CaspianLife, 19 наурыз — Махамбет ауданында 18 жасқа толған 84 адам сайлауға алғаш рет қатысты, деп хабарлайды CaspianLife.
Ауыл тұрғыны Мереке Шахабаев әр сайлауда дауыс беру азаматтық борышым деп санайды. «Сайлауға қатысу — отанымыздың әрбір саналы азаматы үшін маңызды мәселе саналады. Халық өзі таңдаған кандидатқа дауыс беру арқылы еліміздің өсіп-өркендеп дамуына ықпал ете алады, — дейді ол.
«Бүгінгі сайлауда өз таңдауымызды білдіруге келіп жатырмыз. Елімізді дамуы үшін, халықтың әл-ауқаты жақсаруы үшін үлес қосып жатырмыз. Өз таңдауымызды жасадық. Сайланған халық қалаулылары еліміз үшін қызмет етсін дейміз» — деді Махамбет ауданының тұрғыны Мереке Шахабаев.
Жалпы ауданда 18 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Ал науқанның жүру процесін, оның заң талаптарына сай болуын 54 байқаушы қадағалап отыр. Олардың арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан келгендер де бар.
«Бүгінгі дауыс берушілердің белсенділігі өте жоғары. Біздер бірнеше жыл қатарынан тәуелсіз байқаушылар ретінде сайлауға қатысып келеміз. Барлығына тең көзқараста қарау басты ұстанымымыз. Сондықтан бізге жүктелген жауапкершілік зор. Сайлау учакесіндегі дауыс беру заңдылықтарын қатаң қадағалап, заңға қайшы әрекеттерді болдырмау міндетіміз» — деді байқаушы Нұрай Сүйеуқызы.
Махамбет ауданы бойынша 36 кандидат тіркелген. 16-сы партиялық тізім бойынша, 20-сы өзін-өзі ұсынған. Кандидаттардың ең жасы — 24-те, үлкені — 62 жаста. Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысуға аудан халқының 17 264 –і құқылы. Қазіргі уақытқа дейін олардың 50 пайыздан астамы дауыс берді.