CaspianLife, 17 наурыз — 13 наурыз күні Атырау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Ресей Федерациясынан автокөлік контрабандасымен айналысқан деген күдікпен 34 жастағы деструктивті діни ағымының ұстанушысын анықтаған.
Тұрғылықты мекенжайын тінту барысында жалған автокөлік мемлекеттік белгілері, автокөлікті сатып алу-сату келісім шарттары, сенімхаттар, Ресей Федерациясында тіркелген автокөліктің төлқұжаты, азаматтық тұлғалардың жеке куәліктері, тауарға арналған декларация, «Iphone 13» ұялы телефоны және түбіртектер алынған.
«Аталған дерек бойынша ҚК-тің 385-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі», — делінген ПД таратқан ақпаратта.