CaspianLife, 15 наурыз — Атырау облысының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін түрлі іс-шараны қолға алды, деп хабарлайды Caspian Life Caspian News арнасына сілтеме жасап.
Мысалы, өзімізде бағасы шарықтап кеткен пиязды Тәжікстан, Қырғызстаннан тасымалдауды жоспарлап отыр. Қазір шенеуніктер тәжіктер өсіріп жатқан жуаның піскенін күтуде. Сапасының жақсы, бағасының тиімді екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана нақты қадамға көпшпек.
«Тауардың бағасы мен сапасы белгілі болған кезде келісімшартқа отыратын боламыз. Жуаны «Идеал Маркет» ЖШС сатуға ниет білдіріп отыр», — дейді облыстық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков.
Қазіргі уақытта әлеумет үшін маңызы бар 18 түрлі өнім облыс аумағындағы 60-қа жуық сауда орнында сатылып жатыр. Ондағы баға нарықтағы құннан 20 пайызға дейін арзанырақ дейді шенеуніктер. Тамақ бағасына жауаптылар қант тапшылығын болдырмас үшін «Көксу» зауытымен келісімге келіпті. Ол бойынша Атырауға 2 мың тоннаға жуық секер әкелінеді. Және өзіміздегі «Қызанақ агро» мекемесі егістік алқабының аумағын ұлғайтпақ. Нақтырақ айтқанда, атыраулық шаруа биыл 300 гектар жерге егін еккелі отыр. Және одан алынатын өнімді сататын орын санын 12-ге жеткізу жоспарлануда.
«Жергілікті шаруа өзінің егіс алқабын 160 гектардан 300 гектарға дейін көбейткелі отыр. Бұл да бағаның тұрақтануына ықпал етпек. Жалпы биыл күзде 5 мың тоннадан асатын ауыл шаруашылығы өнімін жинауымыз керек. Ол қоймада сақталып, мамыр айына дейін сатылады. Және бұған қоса өзге өңірлерден де көкөністерді жеткізу бойынша келіссөз жүргізуге жұмыстанып жатырмыз», — дейді «Атырау» ӘКК» АҚ департаментінің бас менеджері Гүлмира Меңдалиева.
Қазір тұрақтандыру қорында 813 тонна көкөніс қалған. Бұл мамыр айына дейін жетеді. Әкімдік қымбатшылық немесе тапшылық болған жағдайда «Атырау» ӘКК» АҚ есеп шотындағы 706 миллион теңгедей қаржыға қажетті тауарлар сатып аламыз деп отыр.