CaspianLife, 13 наурыз — Өткен жұмада қала әкімі Мейірім Қалауи СМП-136 шағын ауданының, сондай-ақ «Ақ депо» және «Елшібек» жеке секторының тұрғындарымен кездесті. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Мейірім Калауи тұрғындарға болашақ жұмыс жоспарын ұсынып, дамудың негізгі бағыттары туралы айтты.
— Бүгінде шағын аудандарда көшені жарықтандыруды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бесінші кезеңде СМП-136 шағынауданының аумағында жалпы ұзындығы 6 074 метр 14 көшеде және «Ақ Депо» жеке секторында жалпы ұзындығы үш шақырымнан асатын 11 көшеде түнгі жарықтандыруды орнату жоспарлануда. Бұдан басқа, жалпы ұзындығы 2 224 метр болатын «Елшібек» жеке секторының 7 көшесіне көше жарығын орнату жоспарлануда, — деді қала әкімі.
Тұрғындармен кездесу барысында Мейірім Калауи жол мен тротуар салу жоспарын ұсынды.
— Ағымдағы жылы Майлин өткелі бойынша 640 метр жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарлануда. Мердігер анықталды. Бүгінде Махамбет көшесінен Қабдолов көшесіне дейінгі магистральдық жолдың бұрынғы теміржол өткелі бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Жоба аяқталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Сонымен қатар, СМП-136 шағын ауданында жалпы ұзындығы 891 метр болатын үш көшеде жол салу жоспарланған, — деді М.Калауи.
Сондай-ақ, балалар алаңын салу мәселесіне назар аудара отырып, қала әкімі «Елшібек» жеке секторы үшін спорт алаңының жобасы дайындалғанын және құрылыс жұмыстары биыл басталатынын айтты. Кездесу барысында тұрғындар қоғамдық көлік, балабақшалар мен алаңдардың, жолдар мен тротуарлардың болмауы, аумақты абаттандыру және бұралқы иттердің көптігі мәселелерін көтерді. Тұрғындардың сұрақтарына жауап бере отырып, қала әкімі Мейірим Калауи тұрғындар тарапынан болған ұсыныстар мұқият зерделеніп, тиісті шаралар қабылданатынын уәде етті.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Суреттер қала әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.