CaspianLife, 2 наурыз — Атыраулық спортшылар қазақ күресінен ел чемпионатынан жүлделі оралды, деп хабарлайды CaspianLife.
Шымкент қаласында 24-28 ақпан аралағында қазақ күресінен 18-20 жастағы жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Тартысты додаға еліміздің барлық өңірінен 400-ге жуық спортшы қатысты. Осы жарыста атыраулық спортшылар облыс намысын қорғап, екі медаль иеленді.
«Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Атырау қаласынан 13 спортшы қатысып, екі жерлесіміз жеңіске жетіп отыр. Алда әлі жарыстарымыз бар. Спортшыларымыз еліміздің туын талай көкке көтереді деген үміттеміз» — деді аға жаттықтырушы Айбек Серғазиев.
Жарыстың нәтижесі бойынша 66 келі салмақта Бағытжан Нәрешов және 90 келіде Бекбол Мұқашев үздік үштіктен көрінді.
Айта кетейік, бұған дейін Семей қаласында жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында да облыс спортшылары қос қоланы еншілеген болатын. Олар ерлер арасында 70 келіде Жалғасбай Біләл және қыздар арасында 60 келіде Әсемгүл Құлыш болатын.