CaspianLife, 3 ақпан — «Атырау мұнай өңдеу зауытының» бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатаң сөгіс беріліп, оның бірінші орынбасары Рахымжан Жанғабыл қызметінен босатылды, деп хабарлайды CaspianLife.
Атырауға арнайы келген «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма басшысы Мағзұм Мырзағалиев соңғы кездері зауыт жұмысында жиі үзіліс болып жүргенін айтып, ендігі жерде жауаптыларға қатысты барынша қатаң шара қолданылатынын ескертті. «Өйткені елде ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті болып тұрғанда мұндай жағдайға жол беруге болмайды», — деді ол. Басқарма басшысының бұлайша ашуға мінуіне 1 ақпан күні зауыттағы каталитикалық крекинг қондырғының істен шығуы себеп. Мекеменің баспасөз қызметінің хабарлауынша регенератордағы температура көтеріліп кеткендіктен, қондырғының жұмысы тоқтатылған. Мағзұм Мырзағалиев осыған байланысты жедел штаб құрып, оның басшысы етіп өзінің орынбасары Арман Қайырденовті тағайындады. Штаб мүшелері ақау толық жойылғанға дейін жұмыс істемек. Мағзұм Мырзағалиев Арман Қайырденовке қызметтік тексеріс жүргізу және елде жанар-жағар май тапшылығы болмас үшін Шымкент пен Павлодардағы және өзіміздегі зауытқа ашық түсті мұнай өнімдерін шығару көлемін ұлғайтуды тапсырды.