CaspianLife, 2 ақпан — Атырау баскетболшылары Қазақстан чемпионы атанды, деп хабарлайды CaspianLife.
Щучинск қаласында өткен қысқы ел чемпионаты кезінде олар өзге командаларды артта қалдырды. Жарысқа республиканың түкпір-түкпірінен келген 10 команда қатысқан еді. Жерлестеріміз жартылай финалда түркістандықтарды, ал финалда алматылықтарды қапыда қалдырды.
«Осы чемпионатқа бір жыл бойы дайындалдық. Балаларды іріктеуден өткіздік. Бұған дейін West Cup турниріне, Қазақстан кубогіне қатыстық. Күні кеше 6-9 қаңтар аралығында өзімізде Қазақстан кубогі өтті, онда да жеңіске жеттік.Облыста баскетболмен айналысқысы келетін бала саны көбейіп келеді. Соған қуанамыз» — деді баскетболдан Атырау облысының аға жаттықтырушысы Саламат Тұрғаев.
Балалардың сөзінше, осындай турнирлер өздерінің шама-шарқын бағалауға мүмкіндік береді. Өйткені қарсыластың әлсіз немесе күшті болуы әбден мүмкін. 13 жастағы Әбілхайыр баскетболмен 6 жасынан бастап айналысады. Үйірмеге әкесі алып келген. Енді ол тек еліміздің ішінде емес, шет мемлекеттерде өтетін турнирлерге қатысқысы келеді.
Чемпиондар болашақта Еуропа лигасына шығуды жоспарлап отыр. Баскетболшылар ол мақсатқа жету үшін уақытты босқа жоғалтпай, күн сайын жаттығу алаңында жүр.