CaspianLife, 31 қаңтар — Атыраудың аспанын ала түтін басқанына бүгін екінші күн. Бастапқыда қатты білінбегенімен, бірте-бірте қоюланып, тынысты тарылтқан түтіннің қайдан шығып жатқанынан жауапты орындар тәулік бойы бейхабар болды. Олар қала айналасынан өрт шығып жатпағандығын айтқан. Тек жұрттан түскен арыз-шағым көбейе бастаған соң, құтқарушылар тікұшаққа мініп, өртеніп жатқан жерді іздестіруге кірісті, деп хабарлайды CaspianLife.
Әуеден барлау жасаған құтқарушылар Каспий теңізінің Жылыой ауданы тұсында, яғни қаладан 70 шақырым жерде қамыс өртеніп жатқанын анықтады. Өртке оранған аумақ 9 гектар. Және теңіздің Исатай ауданындағы жағалауының да жалындап жатқандығы белгілі болды.Ол жақтағы өрт 250 гектар жерді күлге айналдырыпты.
Құтқарушылардың айтуынша, облыс орталығындағы түтін Жылыой жақтан келген. Ал Исатай ауданындағы өрттің біздегі иіске қатысы жоқ. Енді мамандар Жылыой жеріндегі өртті сөндіру үшін жұмыстанамыз деп тыр.
«Атырау облыстық ТЖД жергілікті атқарушы органмен бірлесіп аталған жануды сөндіру жұмыстары жүргізілетін болады+Қазір біздер барып біріншіден аталған жану орындарына жолдардың барын немесе жоқтығын анықтау жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, сол аталған жануларды сөндіруге бөлімшелерден жеке құрамды және техникаларды дайындау жұмыстарына кірісетін боламыз» — деді Атырау облыстық ТЖД бөлім бастығы Жантөре Демешев.
Төтенше жағдай департаментіндегілердің айтуынша, Исатай ауданындағы өрт болып жатқан батпақты аумаққа техника бара алмайды. Өйткені, аумақ – сулы-батпақты. Бірақ қажет болса тікұшақтің көмегімен сөндірмек.