CaspianLife, 31 қаңтар — Мақат стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері темір жол бойындағы қауіпсіздікті күшейтуге кірісті. Мақат арқылы тәулігіне 25-тен астам жолаушы және 45-тен астам жүк пойызы өтеді. Сондықтан тоғыз жолдың торабы — өте қауіпті аймақ саналады. Дегенмен мұны елемейтіндер көп. Күні кеше теміржол бойындағы рұқсат етілмеген жерден өтіп бара жатқан әйелді пойыз қағып кетті, деп хабарлайды CaspianLife.
Қазір ол Атырау облыстық ауруханасында жатыр. Бұл — ауданда 2013 жылдан бері тіркелген екінші оқиға.
«Бұл бойынша Атырау желілік полиция бөлімімен ҚР-ның 344 бабы 1 бөлігімен қылмыстық іс қозғалған болатын. Біздің тарапымыздан әрқашан жылына 7-8 мәрте «Абайлаңыз! Басып кету қауіпі бар!» сонымен қатар, «Теміржол қауіпті аймақ» тақырыбында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп тұрады. Соған қарамастан аудан тұрғындары кейбір ескертуге құлақ аспай, белгіленбеген орындардан өтіп, өздерінің өмірлерін қауіп-қатерге тігіп жатады» — деді Мақат стансасындағы ЖПБ басшысы Құралбек Ералиев.
Мақат кенті мен Бәйгітөбе ауылдық округін жалғайтын жаяу жүргіншілер өткелі бар. Тұрғындардың аудан орталығына қатынауы үшін арнайы салынған. Десе де көпшілік өткелді көп пайдаланбайды. Мініп-түсу қиын көрінеді.
«Өткелді пайдалану мысалға қарап тұрсаңыз барлық ел біледі, ол қашық та осы жерден оның үстіне биік. Мысалға жаздың күні ештеңе емес, қысты күні өткелдің үсті мұз қатады. Үлкен кісілерге, жас адамдарға, балаларға жүруге қиын. Тайғақ болады. Сондықтан осындай төменнен өтеді бәрі» — деді Бәйгетөбе ауылдық округінің тұрғыны Аманжан Ташев.
2022 жылы ауданда рұқсат етілмеген жерден өткен 7 адам айыппұл төлеген. Сондай-ақ, өткен жылы 15 рет мал басу және тежегішті 15 рет шұғыл түрде қолдану дерегі тіркеліпті. Заң бойынша теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өтетіндерге және мал жаю ережелерін бұзған тұрғындарға 17 000 теңгеден астам айыппұл салынады.