CaspianLife, 27 қаңтар — Жастардың арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Антикор басшылары Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттерімен кездесіп, жоғары оқу орындарындағы жемқорлыққа қарсы жасалар іс-әрекет, оған кедергі келтіретін факторлар туралы талқылады, деп хабарлайды CaspianLife.
Департамент өкілінің сөзінше, жас буын – қоғамдық пікір тудыра алады. Сондықтан олардың арасында парақорлыққа, жемқорлыққа қарсы үгіттейтін жұмыс жүргізу аса маңызды саналады.
Жоғары оқу орындарындағы жемқорлық туралы көптен бері айтылып келеді. Бұған ақылы негізде оқитын студенттердің көптігі және олардың жұмыс жасайтындығы себеп болуы мүмкін. Ақшаны қалай табамын деп басы қатып жүрген студенттің семинар-сессия кездерінде оқытушысынан көмек сұрары сөзсіз. Әрине ақысына. Ал қосымша қаражаттың ешқашан артықтық етпейтінін мұғалімдер жақсы біледі. Және сұрайтын сомаларының да көлемі көбейіп келеді. Сондықтан жоғары оқу орындарындағы жемқорлыққа қарсы жасалар жұмысты студенттермен де, оқытушылармен де қатар жүргізген дұрыс.