CaspianLife, 26 қаңтар — Германия астанасында барлық әуе рейсі тоқтады. Бұл шешімге ауа райының қолайсыздығы емес, қызметкерлердің ереуілі себеп болып отыр, деп хабарлайды CaspianLife.
Әуежайдың 6 мыңға жуық қызметкері өз міндетін орындаудан бас тартты. Әдетте құмырсқаның илеуіндей тіршілігі қайнап жататын Берлиндегі әуежай бүгін қаңырап бос тұр. Жұмысшы да, жолаушы да жоқ. Қызметкерлердің ереуілі салдарынан бүгін ұшуы тиіс 300-ден астам рейс тоқтады. Ұшып келе жатқан әуе кемелерінің бәрі дерлік Дрезден мен Лейпциг әуежайларына бағытталды. Әуре-сарсаңға түскен 35 мыңға жуық жолаушыға ұшу күнін өзгертуге немесе пойызды пайдалануға кеңесі берілді. Бұл көпшіліктің ашуын тудырды.
Ал ереуілді ұйымдастырған – Верди кәсіподағы. Жұмысқа шықпай, қыр көрсеткен 6 мыңға жуық қызметкер жалақыны 500 еуроға көбейтуді және еңбек келісімшартындағы кейбір ережені қайта қарауды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, әуежай қызметкерлерінің еңбек жағдайы нашар.
Жоспар бойынша әуежай қызметкерлерінің ереуілі тура 1 тәулікке созылады. Демек ертең әуе айлағы қайтадан іске қосылады. Алайда әуежай басшылығы мен кәсіподақ бітімге келмей, жаңа ереуілдер легі қайталана беретіні анық.