CaspianLife, 23 қаңтар — Маңғыстау облысында бір жылдың ішінде ең қажетті азық-түліктің бағасы 37 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды CaspianLife.
Сарапшылар тамақ құнының бұлай өсуіне өнімдердің 80 пайызының сырттан жеткізілуі себеп дейді. Яғни, облыстың өзінен шығатын өнім көлемі өте аз. Жергілікті кәсіпкерлер ішкі нарықты қамтамасыз ете алмайды. Ал қарапайым халықтың сұранысы күн өткен сайын артып келеді.
«Айына дейтін жоқ. Бір күн үйде болсаң ертесіне тамаққа келесің. Бір күн алған тамағың үш күнге де жетпейді. Холодильник босап қалады» — деді Ақтау қаласының тұрғыны Базаргүл Төребаева.
«Менің төрт балам бар. Көп балалы отбасымыз. Орташа 400 мың теңге кетеді деп спокойно айта аламын. Етті қосқанда сондай баға шығады. Қатты қымбаттаған азық-түлік көшін қант бастап тұр. Оның бағасы 71 пайызға өскен. Ал сары майдың құны 40 процентке дейін көтерілген. Ұн мен күріштің бағасынан да өсім байқалады. Тіпті, тұз да 25 пайызға қымбаттапты» — деді Ақтау қаласының тұрғыны Сая Сүйіншәлиева.
«Үкіметтің тапсырмасына сәйкес алдын ала сақтауға және қаржыландыруға өз кәсіпкерлерімізге, одан бөлек форвардтық келісімшарттар негізінде, сосын айналым қаражаты бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне төмендетілген пайызда зайым, яғни қарыз беріледі. Осы жерде кәсіпкерлік субъектілері өз қоймаларын толтырады. Сосын бекітілген бағада сатуға белгіленеді» — деді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Хайруллин.
Статистика мамандары өткен жылғы көрсеткіштерге сүйеніп маңғыстаулықтардың орташа айлығы 500 мың теңге деген шешімге келген. Бұл — 2021 жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Алайда бұл еңбекақы мұнай-газ саласында жұмыс істейтіндерге ғана тиесілі. Және олардың саны да көп емес. Маңғыстау халқының 5 пайызы. Ал, өзге салаларда еңбек ететіндердің де жалақылары артқанмен, тапқандары қалаған азық-түлігін алуға мүмкіндік бермейтінін ұмытпаған дұрыс.