CaspianLife, 16 қаңтар — ҚР Парламенті сенатының депутаттығына Атырау облысынан Әлібек Нәутиев сайланды, деп хабарлайды CaspianLife.
Ол сенатта қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болған Ғұмар Дүйсембаевтың орнына барады. Сенбіде өткен сайлау кезінде Әлібек Нәутиев сайлаушылардың 81 даусына ие болды. Ал Ғилман Сәрсемалиев 6, Бағыт Шеркешбаева 30 дауыс алды. Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясындағылардың айтуынша, бір депутат бәріне қарсы дауыс берген. Сайлауға өңірдегі 132 депутаттың 119-ы қатысты.
«Аудан бойынша 12 депутат. Жұмыс ауыстыруына, басқа да өзгерістерге байланысты күні бүгінге дейін 9 депутат келіп, сайлауға қатысып отыр. Әрине, бұл сайлау Қазақстан елінің алдағы болатын жақсылықтарының бастамасы деп білеміз. Аудан көлемінде көтеріліп жүрген үлкен мәселелер бар. Кезең кезеңімен шешіліп келе жатыр. Сенат депутатына сайланатын үміткерлер келіп, аудан депутаттарымен кездесу өткізді. Сол кездесуде күрделі мәселелерді айттық. Жалпы сол мәселелердің бірі қазіргі уақытта Жайық мәселесі» — деді Индер аудандық маслихатының депутаты Бағдат Сапаров.
«Кандидаттардың үшеуі де өздерінің тәжірибелі мол адамдар. Әрқайсысын жеке танимын. Менің ойымша бұрынғы жасап жүрген жұмыстарына сүйеніп емес жалпы осы азаматтардың барлығы елдің шаруасын көтеріп, облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттың депутаты болып жұмыс жасаған кісілер. Атырау өңіріне қатынасты барлық шараларды көтеріп біледі деп сенемін» деді Атырау қалалық мәслихатының депутаты Жеңіс Әбілкарес.
Сенат депутаты болу үшін Атырау облысынан 6 азамат өтініш білдірген еді. Алайда 2 үміткер талапқа сай келмеді және бірі өз еркімен бас тартты.