CaspianLife, 5 қаңтар — Шетелдік көліктерді заңдастыру процесі 20 қаңтарда басталады. Бұл Атырау облыстық полиция департаментінің өкілдері хабарлады. «Жол қозғалысы туралы» заңға енгізілген өзгерістерге президент Қасымжомарт Тоқаев өткен айдың аяғында қол қойған еді.
Шет елден әкелінген темір тұлпарларды тіркеу электрондық үкімет порталы арқылы немесе мамандандырылған ХҚКО-да жасалады. Заңдастыру рәсімі 1 шілдеге дейін жалғасатын болады. Автокөліктерді тіркеу үшін 200 мың теңге көлемінде бастапқы алым төленуі тиіс. Оларды заңдастыру кезінде экологиялық класы мен шығарылған жылы есепке алынбайды. Алайда, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінгендер заңдастырылмайды.
Қазақстан аумағына кіргізілген шетелдік көліктердің саны туралы нақты дерек жоқ. Бірақ, былтыр 1 қыркүйекке дейін 300 мыңнан аса шетелдік автомобильдің қожайынына сақтандыру полистері берілген. Темір тұлпарлардың 260 мыңға жуығы Ресейден, 25 мыңнан астамы Қырғызстаннан және 18 мыңы Армениядан әкелінген.