CaspianLife, 20 желтоқсан — Атырауда жылды жемісті қорытындылап, бизнесті дамытуға үлес қосқан кәсіпкерлер марапатталды. «Жыл кәсіпкері» байқауына қатысуға 120-дан аса бизнесмен өтініш білдірген, деп хабарлайды Caspian Life.
Солардың ішінде Ұлболсын Ерубаева «Үздік сәтті старт» номинациясын, Нұркен Ғайдаров «Үздік қызмет саласы» номинациясына ие болса, «Үздік әйел кәсіпкер» атағына Бибігүл Ізбасова лайық деп танылды. «Үздік отбасылық бизнес» номинациясы қызылқоғалық Серік Ажайпов, «Үздік сауда саласы» жүлдесі Әлішер Таңатарұлына табысталды. Ал «Үздік өндіруші» номинациясы махамбеттік Қоныс Ермановқа, «Жыл кәсіпкері» атағы Гүлнар Жолмұхановаға, «Туризм саласының үздігі» деген марапат Гүлжан Күзекешеваға, «Үздік жас кәсіпкер» атағы Азамат Хабибуллинге берілді.
«Бағалайтын комиссия тек тәжірибелі кәсіпкерлерден құралды. Жеңімпаздарды әлеуметтік салада өзінің қосқан үлесі, яғни, жұмыс орындарын құруы, салық төлеуі, қайрымдылық шараларды өткізу сияқты талаптар бойынша анықталды», — дейді Атырау облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков.