CaspianLife, 17 қараша — Геолог шағын ауданы мен Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Связист, Құрылыс, Беймахис, Геофизик бау-бақша қауымдастығының тұрғындары электр желілерін жаңартуды сұрайды. Өйткені жүргізілгеніне ондаған жыл болған желілер сын көтермейді, адам өміріне қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды Caspian Life.
Amanat партиясының Атырау облыстық жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезектен тыс отырысында «Беймахис» бау-бақша қауымдастығының төрағасы Әліп Ғұмаров былтыр қауымдастықтың аумағындағы 500 метр электр желісінің ауыстырылғанын айтты. Алайда тағы 2 шақырымы қалып тұр.
Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шапхат Қалиев мәселе тез арада шешілмейді деп отыр. Өйткені, қолданыстағы заңда бюджеттен бау-бақша қауымдастықтарына жол салып, жарық жүргізуге қаржы бөлу қарастырылмаған.
Мәселені шешуге мемлекет араласу үшін бау-бақша қауымдастығының статусы жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған учаске болып өзгеруі тиіс. Қалалық әкімдік бұл жұмысқа биыл ғана кірісті. Бірақ, қашан толық аяқталып, қаржының қашан бөлінетіні әзірге белгісіз.
Тұрғындар бұл мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы орган тезірек қимылдаса деп отыр. Өздері де қарап қалмай демеушілерге арнайы жобаларын көрсетпек. Партиялық бақылау комиссиясының отырысында 3 желтоқсан күні өз достарын ажалдан арашалап қалған Дінмұхаммед Жаңбырбайға алғысхат және сертификат табысталғанын айта кетейік.