CaspianLife, 15 желтоқсан — Қазіргі кезде облыс орталығында жылусыз отырған үй жоқ. Мұны қала басшысы Мейірім Қалауи айтты. Оның сөзінше, тоңып жүрміз деп шағымданған Тұлпар, Нұрсая мен Болашақ ықшам аудандарындағы 13 көпқабатты тұрғын үйдегі жылу және ыстық су желілерінің қуаттылығын арттыру үшін қосалқы 3 жылу қазандығы сатып алынған. Қазір іске қосу жұмыстары жасалып жатыр.
«Осы уақытқа дейін 3 қазандық резервсіз болды. Нұрсаяда болған жағдайға байланысты да резервтік қазандық болмағаннан кейін жылу беру мүмкіндігі болмай қалғанын мойындаймыз. Алдымызда қыстың бірнеше айы бар. Оған біз дайынбыз. КОЖД мекемесі резервтік қазандықтарды 1-2 күнде орнатып, іске қосып қояды», — дейді қала басшысы Мейірім Қалауи.
Аталған ықшам аудан тұрғындарының мәселесі жуықта шешіледі дегенмен, проблема мұнымен бітпейді. Қаладағы әйелдер мен ерлер түрмесіндегі жылу да мардымсыз. Әсіресе ерлер отырған ғимараттағы 2 жылу қазандығы апатты жағдайда. Және кейбір білім беру мекемелеріндегі жылыту қазандықтары мен ток желілері де қараусыз жатыр.
«Көптеген мектептердің қазандықтары қараусыз жатыр. Оның қандай күйде, қандай дайындықта екенін былтыр №38 мектептен көрдік. Қазандықтары жарылып, біздің қатысуымызбен қалыпқа келтірілді. Бірақ, байқағанымыз көптеген сондай жағдай білім беру мекемелерінде де бар», — дейді шаһар басшысы Мейірім Қалауи.
Тұрғындарды жылумен қамтамасыз ететін «АтырауЖылуЖүйелері» АҚ-ның меншігіндегі желінің 68 пайызы тозған. Жыл сайын олардың 20 шақырымы жөнделеді. Бірақ бұдан құбырлардың жағдайы жақсарып жатқан жоқ.
Басқарма басшысы 2023 жылы қаладағы жылу және ыссы су құбырларының 6,8 шақырымы жөнделіп, қалған 5 шақырым күрделі жөндеуден өтеді дейді. Биыл электрмен жабдықтау желісінде 628 апаттық жағдай болыпты. Сондықтан мамандар келер жылы электр жүйелеріне энергетикалық аудит жүргізуді ұсынды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов жылыту жұмыстарына жауаптылардың көш басында қала басшысының тұрғанын айтып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Биыл жылу беру маусымы үшін жергілікті атқарушы орган 3 миллиард, монополистер 2 миллиард теңге бөлген. Жоспар бойынша бұл қаражаттың басым бөлігіне қыруар жұмыс жасалған. Дегенмен жүзеге аспағандары да бар. Мемлекеттің қазынасынан қаралған қаржының 267 миллион теңгесі әлі күнге дейін игерілмепті.