CaspianLife, 7 желтоқсан — Атырауда «Сарап» клубының ұйымдастыруымен «Қазақстан дамуының жаңа дәуірі» атты тақырыпта жиын өтті, — деп хабарлайды CaspianLife.
Оған саясаттанушылар, қоғам белсенділері, Қазақ Қоғамдық даму институтының студенттері мен сарапшылары қатысты. Жиында Қазақстандағы ауқымды өзгерістер жайлы сөз қозғалды. Яғни онда ел Президенті ұсынған жаңа саяси реформалар, оларды жүзеге асырудың тиімді жолдары, әлеуметтік-экономикалық даму, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері талқыланды. Сарапшылардың айтуынша елде қолға алынған бұл өзгерістердің бірден бір себебі биылғы қаңтар оқиғасы.
«Біз 30 жыл тәуелсіздігімізді алатын болсақ. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары негізінде демократияның нарық белгілері болды. Ол енді сіздердің естеріңізде барма, жоқпа білмеймін, бірақ сол кездің өзінде мысалы «Егемен Қазақстан» өзі саяси жағынан тәуелсіз өткір пікірлер, мақалалар жазатын. Ол кезде бір жағынан ескі конституция мен парламенттік республика болатын. Жанағы депутаттар болсын, қоғам өкілдері болсын саяси, өзінің ой пікірлерін ашық түрде айтатын болатын. Өкінішке орай, біздің саяси дамуымыз артта қалып қойды. Сондықтан көптеген мәселеге халықтың көңілі толмайтын болды. Биылғы жылдың ең басты оқиғасы қаңтар оқиғасы кезінде, билік саяси өзгеріске мән берді. Саяси жағынан бетбұрыс жасау керек екенін түсінді», — дейді Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Серікқазы Кәкібаланов.
«Сарап» клубының мүшелері бұған дейін еліміздің барлық өңірлерінде болып, іссапарларын Атырау өңірінде қорытындылады. Алдағы уақытта іс-шарада айтылған ұсыныстар мен пікірлер бойынша жұмыс жасалып, нәтиже көреміз деген үмітте қатысушылар.