CaspianLife, 6 қараша — Атырауда көлік ұрлап кеткен тұрғын қоқыс жәшігіне тығылып қалған. Жергілікті полицейлер күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Caspian Life.
5 желтоқсан күні уақыт 20:00 шамасында 49 жастағы азаматша «102» арнасына хабарласып, осыдан бес минут бұрын өзінің үйінің алдында оталып тұрған өзіне тиесілі маркасы Nissan Almera автокөлігін белгісіз адам белгісіз бағытқа заңсыз айдап әкеткені туралы хабарлады.
Аталған хабарлама бойынша тәртіп сақшылары сергек бейнебақылау жүйесі арқылы автокөліктің Алиев көпіріне бағыт алып бара жатқанын анықтап, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама береді.
Оқиға орнына жедел жеткен Батыс-15 қызметкерлері автокөлікті Махамбет-Сатыбалдиев көше қиылысында тоқтатқан кезде, күдікті полиция қызметкерлеріне бағынбастан автокөлікпен қашып кетеді. Бұнымен қоймай күдікті жол ережесін өрескел бұзып қарсы бағытқа шығумен жол-көлік оқиғасын жасайды. Кейін полиция қызметкерлерінен бой тасалап қашып кету мақсатында жақын маңдағы қоқыс жәшігіне тығылып қалғаны белгілі болды.
Оқиға орнына дереу жеткен Батыс-15 қызметкерлері күдіктіні ұстап, оны тексеру барысында 34 жастағы азаматтың «Автокөлікті айдап әкетуші» және «Қалта ұрысы» тізімдік санатында есепте тұрғаны анықталды.
Нәтижесінде автокөлік арнайы тұраққа қойылып, 34 жастағы азамат жедел тергеу тобына тапсырылды.