CaspianLife, 23 қараша — Атырау облысында 552 адам 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант иемденді.
«Грант алушылардың басым бөлігі жастар. Ал, 343-і ауыл тұрғыны, 226-сы көпбалалы аналар. Сондай-ақ, грант алғандардың арасында 38 адам мүгедектігі бар адамдарды асыраушылар және 8-і асыраушысынан айырылғандар», — деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.
Бизнес-жоспарын ұсынып, өз кәсібін бастағандардың бірі Айбек Орынғалиев. Ол құрылысқа қажетті монолитті көбікбетон өндіруді қолға алған.
«Қазіргі таңда құрылыс саласы дамып келеді. Өзімнің осы салаға қызығушылығым болғандықтан, монолитті көбікбетонның дайындалуын зерделедім. Осы көбік бетонның енді дамып келе жатқанын ескеріп, осы бағытты кәсібіме айналдырғым келді. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, бизнес-жоспарымды іске асырдым. Қазір құрылыс обьектілерінен тапсырыс қабылдап отырмыз», — деді ол.
Айта кетейік, мемлекеттік грантқа жеке кәсіпкерлер де өтінім бере алады. Биыл грант иемденгендердің ішінде 86 жеке кәсіпкер бар.