CaspianLife, 17 қараша — Бұл туралы Шетелдік жұмыс күшін тарту және көші-қон бөлімінің басшысы Мейрамбек Алдияров мәлімдеді.
Осы жылы Атырау облысына шет елдерден 252 отбасы қоныс аударған. Өзге елден өз туған жерлеріне оралған қандастарымыздың барлығы қандас мәртебесін алды.
«Қандастарымыз әлемнің түкпір-түкпірінен өз елдеріне оралып жатыр. Жалпы тәуелсіздік алғаннан бері Атырауға 15 мыңнан астам этникалық қазақ оралған. Бүгінде олардың басым көпшілігі Қазақстан Республикасының азаматтығын алды. Елге оралған этникалық қазақтардың осы жерде қалып, азаматтық алуына мүмкіндік беру мақсатында 1 жылға қандас мәртебесі беріледі. Осы аралықта этникалық қазақтар ҚР азаматтығын алып үлгермесе берілген қандас мәртебесін алты айға тек бір рет ұзартылу қарастырылған. Бүгінде елге оралған 43 қандас үй кезегінде тұр. Ал жұмыспен қамту мәселесі бойынша 3 қандас хабарласып, тұрақты жұмысқа орналасты»,- деді М.Алдияров.
Айта кетейік қандас мәртебесін алғысы келген үміткерлер жергілікті атқарушы органға немесе Мемлекеттік корпорацияға барып жүгіне алады. Аталмыш құжатты төрт жұмыс күні ішінде ала алады.