CaspianLife, 11 қараша — Атырау облысында дін қызметкерлері аттестациядан өтіп жатыр. Маңызды сынаққа аймақ бойынша 90-ға тарта адам қатысады.
Үш жылда бір рет ұйымдастырылатын емтиханның басты мақсаты имамдардың білім деңгейін анықтап, біліктілігін арттыру. Аттестация екі күн бойы екі кезеңмен өткізіледі. Имамдар әуелі электронды түрде тест тапсырады. Кейін ислам тарихы мен қағидалары, тиісті заң бойынша қойылған сауалдарға жауап береді.
«Аттестациялау кезінде арнайы сұрақтар дайындалады, арнайы дайындықтар жасалады. Өйткені, әр кезеңде ҚМДБ-да осы қоғамның талабына сай, әр түрлі маңызды құжаттар, концептуалдық құжаттар дайындап отырады. Яғни, қоғамның сұранысына сай имам қандай болу керек, имамның біліктілігі қандай болу керек, осы мәселелерді осы құжаттарда қабылданады», — дейді ҚМБД төрағасының орынбасары Ершат Ағыбайұлы.
Аттестациядан өте алмай қалған имамдар Астанаға барып, қай бөлімнен сүрінсе, содан қайта сынақ тапсырады.