CaspianLife, 8 қараша — Өңірдегі балық шаруашылығын дамыту қажет. Өйткені, бұл сала – аймақтың экономикасында маңызды рөлге ие.
Жыл басынан бері Каспий теңізі мен Жайық өзенінен 12 мың тонна балық ауланған. Олар көбіне мұздатылып немесе өңдетілмеген түрде шетел асады. Алайда, саланы дамыту үшін қолға алынған іс-шаралар жеткіліксіз.
«Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары.Биыл Жайыққа 8,5 миллион шабақ жіберілді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Мемлекет қарамағында бекіре өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген. Зауыттарды заман талабына сай қайта жаңғырту керек. Сондай-ақ, шабақ өсіретін жоғары технологиялы жаңа зауыттар салу үшін инвестиция тарту аса маңызды», — деді президент.
Балық шаруашылығының тағдыры Жайық және Қиғаш өзендеріне тікелей байланысты. Қазір екі өзеннің сағасындағы судың тереңдігі бар жоғы 30-40 сантиметр. Бұл балықтың көбеюіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан, өзендердің сағасын тереңдету жұмыстарына үкімет басындағылар араласу керек. Балықпен байимыз десек, браконьерлермен күресті күшейту қажет.
«Құзырлы мекемелер балық қорын сақтау үшін браконьерлермен күресті күшейтуі керек. Биылдың өзінде облыста осыған қатысты 2,5 мың әкімшілік және 52 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз ауланған 14 тонна балық тәркіленді. Өкінішке қарай, осындай заңсыздық тыйылмай тұр. Бұл – табиғатты қорғауға жауапты органдардың жұмысында олқылықтар бар деген сөз», — деді мемлкет басшысы.
2025 жылға дейін өңірде бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін тағы 8 кәсіпорын ашу жоспарда бар. Өңірдің дайын өнімді экспорттауға қауқары жетеді.Алайда, қарапайым халықты балық өнімдерімен қамтамасыз етуді ұмытпаған жөн. Мемлекет басшысы салаға жас мамандарды көбірек тарту керектігін баса айтты. Оларға барынша қолдау көрсету арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады деді ол.