CaspianLife, 8 қараша — Атырау облысының экономикасын әртараптандыру, балық шаруағылығының дамуы, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім беру мен мәдениет, экология және туризм. Атырауға іссапармен келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселелерге қатысты пікірін білдірді, тапсырма беріп, сынап та алды.
Ол аймақтың мұнай мен газды өңдейтін орталыққа айналу керектігін айтып, мұнай-химия кластерін құрудың бірінші кезеңі аясында іске асып жатқан полипропилен өндірісіне тоқталды.
«Облыста «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері беріледі. Сондай-ақ, инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан түрлі амал-тәсілдер қарастырылған. Басқа да ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Олар инфрақұрылымды дамытуға, жаңа технологияларды тартуға жол ашады. Сонымен қатар, бірнеше мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», — деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан көмірсутегі шикізатының қорының көптігі бойынша жиырма мемлекеттің қатарында. Алайда, еліміз мұнай-химия өнімдерінің 95 пайызына жуығын импорттап отыр. Ішкі сұранысты қамтамасыз ете алмай отырғанымыз жасырын емес. Қазір елімізде өндірілген мұнай бірден шетел асады. Технология сондай. Өндірісті тоқтатып қою қате шешім. Сондықтан мемлекет басшысы Атырауда Қытайдағыдай мұнай сақтайтын қойма салуды тапсырды.
««Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау жерінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Энергетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компаниялармен қойманың құрылысына қатысты келіссөздер жүргізуі керек. Мұнай саласындағы еңбек нарығында шұғыл шешілуге тиіс мәселелер бар. Келешекте жұмыссыздықтың пайда болуына жол бермеуіміз керек. Бұл өте маңызды мәселені Үкімет өз назарында ұстауы қажет. Осы мәселе бойынша негізгі шетел компанияларымен бірге жұмыс істеуге тиіс. Үкіметке осы шаруаны шұғыл қолға алуды тапсырамын», — деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, өңірде жұмыс істейтін шетелдік компаниялар білім, денсаулық сақтау және экологиялық мәселелерді шешуге үлес қосу керек. Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен облыстық әкімдікке инвесторлармен осы жұмысты күшейтуді тапсырды. Әсіресе , басты назар әлеуметтік жобаларда болады. Бұл мәселе Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің қарауына ұсынылмақ.