CaspianLife, 8 қараша — Жайықтың тағдыры көпшілікті алаңдатып отырғаны анық. Өзеннің экологиялық ахуалы күрт нашарлап, ластану көрсеткіші ең соңғы дәрежеге жеткен.
Дәл осы мәселені халықаралық деңгейде бірнеше рет көтергенін айтқан мемлекет басшысы қос елдің арасындағы келісімнің орындалуына барлығы бірдей күш салу керек деп отыр.
«Қазақстан мен Ресейдің арасында бірқатар келісім-шартқа қол қойылды. Экологияны, трансшекаралық өзендердің биоәлемін сақтау және оны тиімді пайдалану тәртібін реттейтін құқықтық негіз бар. Көрші елмен осы бағыттағы әріптестікті нығайтып, келісімдердің мүлтіксіз орындалуына күш салу керек. Бұл істе бәрін осы өңірдегі мемлекеттердің өкілдеріне ғана жүктеп қоюға болмайды. Сарапшылар, кәсіпкерлер, ҮЕҰ және қоғам белсенділері де өз қызметін атқаруы тиіс», — деді президент.
Өңірде ірі мұнай-газ компанияларының көп болуы да экологиялық ахуалдың күрделендіріп отыр. Президенттің сөзінше, қала аумағындағы «Сасық сайдағы» жағдай оңалып келеді. Бірақ, Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының жұмысына экологтардың көңілі толар емес.
«Жақында ғана зауытта ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, ондағы технологиялық және басқару үдерістерінің сапасын әлі де жетілдіре түсу қажет. Экологтар зауыттың зиянды қалдықтары шекті нормадан жиі асып кететінін айтады. Бұған жол беруге болмайды. Әрине, экономикалық көрсеткіштер маңызды. Бірақ, халықтың денсаулығы – одан да маңызды», — деді Тоқаев.
Кездесу барысында көгалдандыру мәселесі де сөз болды. Қомақты қаржы бөлініп жатқанмен, нәтиже аз. Егілген тал-теректер уақыт өтпей, қурап жатыр. Сондықтан, білікті мамандар мен ғалымдардың ұсынысы ескерілу керек. Сонда ғана сапалы жұмыстың жемісін жейтін күн туады.