CaspianLife, 7 қараша — Маңғыстауға іссапармен келген ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығымен кездесу кезінде Каспий теңізінің экологиялық проблемалары, мысалы итбалықтардың қырылуы, браконьерлік жайлы сөз қозғады. Және Каспийдің экологиялық тепе-теңдігі мен биотүрлілігін сақтап қалу маңызды міндет деді.
«Бүгінде итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуы жиілеп кетті. Бұған адам факторы және экологиялық ахуалдың өзгеруі әсер етіп жатыр. Итбалық Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Бұл жануардың жойылып кетпеуін және оның санын бұрынғы қалпына жеткізуді, мен тікелей бақылауда ұстап отырмын. Жазда орталық Азия экологиялық зерттеулер институтына бардым. Бұл мекеме итбалықтардың азаю себебін зерттейді. Мұндай маңызды мәселеге кешенді ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Бұған дейін Маңғыстау облысындағы итбалықтарды сақтау үшін мемлекеттік табиғи қорықтар құру жоспарланған болатын. Экология министрлігі бұл жұмысты тездетіп тиісті шешім қабылдау керек», — деді президент.
Мемлекет басшысы итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу фактілерін анықтау үшін Каспий теңізінің акваториясында және жағалауында тұрақты түрде мониторинг жүргізу қажеттігін мәлімдеді. Президент баса назар аударған тағы бір мәселе – теңіздегі браконьерлік.
«Каспийде заңсыз балық аулаудың жолын кесу қажет. Браконьерлер балықтың көбеюіне кесірін тигізіп, теңіздің эко жүйесіне зардап келтіріп жатыр. Каспий теңізінің тартылуы айрықша өзекті мәселенің бірі. Теңіз деңгейі 2005 жылдан бері 1 метрден аса төмендеп кеткеніне бәріміз куәміз.Судың тартылу себебі мен оның салдарын жан-жақты зерттеу керек. Осы орайда каспий теңізінің зерттеуімен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құрған жөн деп есептеймін. Сондай-ақ үкімет каспий жағалауында орналасқан өзге мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз жұмыс істеу керек, — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өңірдегі жол мәселесі де сөз болды. Президент «Бейнеу — Шалқар» тас жолының құрылысы баяу жүріп жатқандығын айтып, үкіметке құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды жедел дайындауды тапсырды. Маңғыстау облысындағы іссапары аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына келмек.