CaspianLife, 2 қараша — Атырау қаласы халқының саны алдағы екі жылда 400 мыңға жетеді. Мұны қала әкімі Мейірім Қалауи жиын барысында айтты.
Оның сөзінше, алға қарай шаһарға қарасты екі жаңа шағын аудан пайда болады. Бұған демографиялық өсім себеп. Айта кетейік, туу көрсеткіші бойынша Атырау облысы Маңғыстаудан кейін екінші орында тұр.
«Қала бойынша үй кешені салынуда. Осыдан 4 жыл бұрын 2018 жылы небәрі 13 тұрғын үй кешені салынды. Соңғы екіжылдықта бұл көрсеткіш 4 есеге өсіп отыр», — дейді қала әкімі Мейірім Қалауи.
Бүгінде баспана мәселесін Талғайран шағын ауданындағы көпқабатты үйлерді пайдалануға беру арқылы шешу жоспарлануда. Қазір онда 24 үй салынған. Жұмыстың 70 пайызы аяқталды. Сонымен қатар, тағы 7 көпқабатты үйдің құрылысы басталады. Жыл соңына дейін тағы 13 үйдің құрылысын жүргізетін мердігерді анықтау мақсатында тендер өткізілмек.
«Қазіргі таңда бюджеттің есебімен үй алғысы келетін 20 мың адам кезек тұр. Оның 8 мыңға жуығы бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер. Болашақта Талғайранда 70 көп қатарлы тұрғын үй салынуда», — дейді әкім.
Қала әкімінің айтуынша, мұндай жағдайда ақшаны үнемдеуге болады. Өйткені, Талғайрандағы үйлерге жылу құбырларын тарту бюджетке үш есе арзанға түскелі тұр.