CaspianLife, 31 қазан — Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев 7 жылға бас бостандықтарынан айырылулары мүмкін.
Бүгін өткен отырыс кезінде мемлекеттік айыптаушы соттан күдіктілерге осындай жаза кесуді сұрады. Ал, «пара берді» деген күдікке ілінген «Балқыту» ЖШС басшысы Өміртай Адамов 4 жыл мерзімге қамалуы мүмкін.
«Бақытгүл Хаменованы 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және өмір бойына мемлекеттік органдарда қызмет етуге тыйым салу жазасын тағайындауыңызды, сондай-ақ ҚР ҚК-нің 74 бап, 1 бөлігін қолдана отырып, Бақытгүл Хаменованың жаза өтеу мерзімін 3 жылға кейінге шегеруді сұраймын», — деді облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Лаура Асанова.
Бұдан бөлек прокурор Бақытгүл Хаменованы «Құрмет» орденінен айыруды сұрауды да ұмытпады. Бақытгүл Хаменованың адвокаты прокурордың сөзімен келіспейтінін айтып, сотта көрсетілген кейбір дәлелдердің күдіктілерден заңсыз алынғандығын алға тартты.