CaspianLife, 29 қыркүйек — Қызылқоғадағы Айдын және Бүйрек елді мекендеріне су құбыры тартылды деп мәлімдеді аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков.
«Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы жылдың сәуір айында құрылысы басталған су құбыры тұрғындарға қолданысқа берілді. Бүгінде аудан бойынша елді мекендерді ауыз сумен қамту көлемі 97 пайызға жеткен.
«Айдын елді мекені бойынша 1,75 шақырым су құбыры жүргізіліп, 21 тұрғын үй ауыз сумен қамтылса, Бүйрек елді мекені бойынша 1,46 шақырым су құбыры жүргізіліп, 20 тұрғын үйге ауыз су кіргізілді», — дейді Айдулат Кенжебеков.
Алдағы уақытта Кенбай және Қосқұлақ елді мекендеріне де су құбырын жүргізу жоспарланып отыр.