CaspianLife, 21 қыркүйек — Енді мектептен кейін оқуға түспегендер «Алғашқы жұмыс орны» бойынша жұмысқа тұра алады. Бұл туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева мәлімдеді.
Жұмыспен қамту бойынша әзірленген бағдарламаларға өзгерістер енгізілді. Мәселен, енді «Жастар практикасы» бағдарламасына 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Бұған дейін бұл жас шектеуі 29 жас болатын.
Сонымен бірге, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына бірыңғай ұлттық тестілеуден өтпеген және әрі қарай оқуын жалғастырмаған мектеп түлектері де қатыса алады.
Сонымен қатар келер жылдан бастап қайтарымсыз гранттардың орнына жастар үшін 2,5 пайыздық несиелер берілмек. Ал Жұмыспен қамту орталықтарының қызметін ұлғайту мақсатында барлық өңірлерде енді «Еңбек ұтқырлығы» орталығы құрылады.
Г. Аманғалиеваның айтуынша, халыққа қызмет көрсетіп тұрған Жұмыспен қамту орталықтары олардың филиалдары болып қайта құрылатын болады жəне одан əрі жекешелендіруге жатады. Жаңа орталықтардың негізгі міндеті – жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып жəне ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерімен байланыстыра отырып, өңірлік жұмыспен қамту саясатын іске асыру.