CaspianLife, 15 қыркүйек — Атырауда апатты жағдайда тұрған көпқабатты жатақхананың тұрғындары үйлерін сүруді талап етуде. Олардың айтуынша, 90 жылдары салынған бұл ғимаратта тұру мүмкін емес: бірнеше отбасы бір асүйде тамақ пісіріп, бір бөлмеде жуынуға мәжбүр. Түрлі жәндік те қаптап кеткен.
Алғашында медицина қызметкерлеріне арналып салынған жатақханада қазір көпбалалы, егде жастағы және мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Ғимарат 2019 жылы апатты деп танылған соң әкімдік «мұндағы адамдарды жаңа үйлерге көшіреміз» депті. Енді ойларынан айнып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Бұған тұрғындар қарсы.
Үйдің жағдайын көзімен көріп, халықтың шағымын өз құлағымен тыңдамаққа аймақ басшысының орынбасары Қайрат Нұртаев келді. Ол жатақхананы қайтадан техникалық тексерістен өткізгеннен кейін ғана проблеманың қашан шешілетінін айта аламын деп қысқа қайырды.
Техникалық тексерістің нәтижесі жыл соңына дейін шығады деп сендірді әкімдіктегілер. Ал оған дейін жатақхана тұрғындарында сиқы кеткен бөлмелерді паналай тұрудан басқа таңдау жоқ.