CaspianLife, 14 қыркүйек — Атырауда 15 қыркүйектен бастап аң аулау маусымы басталады деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аң аулау маусымы 15 желтоқсанға дейін жалғасады. Жалпы, аумақтық инспекцияның мәліметінше, үйрек, қаз, куропатка құстарын аулауға 15 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін, қабан аулауға 5 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, қоян, қарсақ аулаудың қысқы маусымы 1 қарашадан 15 ақпанға дейін жолдама алуға рұқсат етілген. Ал қасқыр аулауға 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін рұқсат етілген.
Қазір өңірде сүтқоректілердің 21 түрі және құстардың 114 түрі мекендейді. Қабан, қасқыр, қоян, түлкі, қарсақ, үйрек, қаз, куропатка аулауда аңшылық жолдамада көрсетілген жануарлардың санына ғана рұқсат беріледі.
«Аңшы куәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсатнама, аңшылық шаруашылығы нысанының жолдамасы, жеке аңшылар үшін қару мен оқтарды сақтауға және алып жүруге рұқсатнама, жыртқыш құстарды аулау кезінде төлқұжат болғанда ғана аң аулауға болады», — деді облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Н.Иманғалиев.
Атырау облысы бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, былтыр аң аулау ережелерінің талаптарын бұзған 11 адам анықталып, 862 млн 703 мың 200 теңге шығын келтірген. Айта кетейік, өңірде 6000-нан аса аңшы ресми түрде тіркелсе, оның 3000-ға жуығы аңшылықпен тұрақты түрде айналысады.