CaspianLife, 6 қыркүйек — Атырауда бір аптада жол ережесін бұзған 2 мыңға жуық жүргізуші анықталды деп хабарлайды облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.
Аймақта 29 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өткен «Қауіпсіз жол» акциясы аяқталды. Профилактикалық іс-шара барысында жол ережесін бұзған 1800-ден астам көлік жүргізушілері анықталды. Атап айтсақ, 167 азамат жалған мемлекеттік белгі тағып көлік басқарса, 140-ы автокөліктің алдыңғы әйнектерін қараңғылатқан. 9 жүргізуші жолдың қарсы бағытына шықса, жүргізуші куәлігі жоқ бола тұра көлік басқарған 3 адам анықталды. Одан бөлек, 30 жүргізушінің төленбеген айыппұлдары бар екені белгілі болды.
Жергілікті полиция басқармасының өкілдері «Сергек» камерасы арқылы 145 құқық бұзушылықты анықтағандарын айтады. 113 жүргізушіге сақтандыру полиссіз жүргені үшін хаттама толтырылды.
Профилактикалық іс-шара кезінде 7 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 адам мерт болды. Ал 5 адам түрлі деңгейдегі жарақат алды.