CaspianLife, 1 қыркүйек — Атырау облысында биыл егіс алқабы кеңейді деп мәлімдеді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Рүстемов.
Биыл аймақтағы егкістіктің көлемі 10 099 гектарды құрап отыр. Бұл былтырмен салыстырғанда 630 гектарға артық. Облыста егін жұмыстарының 40,5%-ы орындалды.
32 575 тонна көкөніс, 24139 тонна бақша дақылы, 6506 тонна картоп жиналды. Сонымен қатар, екпе шөптерден 6825 тонна мал азығы дайындалды. Биыл егін егумен 353 шаруашылық айналысып жатыр.
«Биыл егін шаруашылығын субсидиялауға 315,9 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде тыңайтқыштардың құнын субсидиялау 50,036 млн теңге, су жеткізу қызметі шығындарын субсидиялау 248,866 млн теңге, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау 12 млн теңгеге жетті. Ал пестицидтердің құнын субсидиялауға 5 млн теңге бөлінген. Әзірге су жеткізу қызметі шығындарын субсидиялау, тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламалары бойынша 138,0 млн теңге қаражат төленді», — деді Б.Рүстемов.
Ауыл шаруашылығы саласын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мақсатында облысқа 1080 тонна жеңілдетілген бағадағы дизель отыны бөлініп, әзірге 9 шаруашылыққа 155 тонна жанар-жағармай жеткізілген.
Биыл жергілікті егістіктен 29,5 мың тонна картоп, 141 мың тонна көкөніс, 22,6 мың тонна бақша өнімдері өндіріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар екпе шөптерден 24 мың тонна мал азығын дайындау көзделген.