CaspianLife, 1 қыркүйек — Бүгін еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы Үкіметке қоғамда қордаланған мәселелер бойынша тапсырма беріп, бірқатар заңға өзгеріс енгізуді ұсынды.
Тоқаев елдің шикізатқа тәуелділігін жою қажет екенін алға тартты. Сондай-ақ, келер жылы Салық кодексі дайындалатын болады. Және мемлекеттік органдарға игермеген қаражатты келесі жылға қалдыруға мүмкіндік беріледі. Бұл бюджетті негізсіз, мақсатсыз жұмсаудың алдын алмақ. Сонымен бірге, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды реттеу үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылданады.
Транзиттік салаға келер болсақ, президент Ақтауда контейнер хабы құрылып жатқанын тілге тиек етті. Бұл орайда үздік логистика компаниялары тартылып, «Қазақстан теміржолы» толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады.
Одан бөлек, мемлекет басшысы үкіметтің жұмысындағы олқылық азаймайтын болса, тағы да кадрлық өзгерістер енгізетінін ескертті.
Енді елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге. Әйелдер 61 жастан бастап зейнетке шыға алады. Бұл 2028 жылға дейін жүзеге аспақ. 2024 жылдан бастап «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы іске қосылады. Баланың жеке шотына түскен қаражат ол 18 жасқа толғаннан кейін оқу ақысы үшін немесе үй алуға жұмсалады. Білім саласына да бірқатар өзгерістер енгізілмек. Енді ЖОО-да оқу үшін жылына 2-3 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі.
Президент «Қаңтар оқиғасына» қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялады. Бірақ, мұның тәртіпсіздікті ұйымдастырғандарға, мемлекетке опасыздық жасағандарға қатысы жоқ.
Жолдауда айтылған басты жаңалықтың бірі – биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы, ал келесі жылы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.