CaspianLife, 17 тамыз — Өзбекстандық кәсіпкерлер Атырау облысымен сауда саласындағы ынтымақтастықты кеңейткісі келеді. Бұл туралы Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Атабек Тұрсынбековпен кездесу барысында айтылды.
Жиынға Өзбекстан делегациясын Хорезм облысы әкімінің орынбасары Шерзод Исмаилов бастап барды.
Делегация басшысының айтуынша, бұл оның Қазақстанға бірінші сапары емес және Өзбекстан тарапы ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Олар бұл жолы сауда, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдері саласындағы байланыстарды кеңейтуді мақсат етіп отыр.
«Біз үшін ірі сауда нарықтарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша белгілі бір келісімдер жасалды. Біздің делегация құрамында жемістер мен көкөністерді экспорттауда тәжірибесі мол ірі кәсіпкер бар», — деді делегация жетекшісі, Хорезм облысы әкімінің орынбасары Шерзод Исмаилов.
Өзбекстандық кәсіпкерлер Атырауда өз өнімдерін сату нүктелерін орналастыруды көздеп отыр. Бұл ретте олар бұл жерге тауар әкеліп қана қоймай, осы жерден экспорттауға да дайын. Осы мақсатта әкімдікпен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Кездесу нәтижесінде өзбекстандық кәсіпкерлердің жергілікті супермаркеттерге ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша алғашқы келісімдерге қол жеткізілді. Сондай-ақ мамандар Қазақстанға өнімдерді әкелу ережелері бойынша түсіндірмелер берді.