CaspianLife, 2 тамыз — Үш айдың ішінде балаларды 1 сыныпқа қабылдауға 17 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде балалардың 80%-ға жуығы мемлекеттік тілде оқуды таңдады. Бұл туралы облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айнагүл Дүйсекенова мәлімдеді.
Бірінші сыныпқа бару үшін құжат қабылдау 1 сәуірде мен 1 тамыз аралығында өтті. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін Оқу-ағарту министрлігі қызметті автоматтандырып, құжаттарды egov.kz веб-порталы арқылы қабылдады. Сондай-ақ ата-аналар дәстүрлі қағаз форматында да өтініштер берген.
«Енді мектептерде оқу-тәрбие үрдісін сапалы жоспарлау мен ұйымдастыру, оқулықтарды тарату, сыныптарды қалыптастыру және басқа да ұйымдастыру жұмыстары басталады. Құжат қабылдау басталған үш ай ішінде 17 245 өтініш түсті. Оның 15 мыңға жуығы электронды форматта қабылданды. Қалған 2 мыңы дәстүрлі форматта тапсырды», — деді Дүйсекенова.