CaspianLife, 25 шілде – Атырауда 1 жасар бүлдіршіннің миына күрделі ота жасалып, сәтті аяқталды деп хабарлайды облыстық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.
Бір жасар бала мерзімінен екі ай бұрын дүниеге келген. Ол облыстық перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде бес күн дәрігерлер бақылауында болған. Алайда баланың жағдайы жақсармаған соң дәрігерлер балалар ауруханасының нейрохирургі Шодер Ариповке жүгінген.
Дәрігерлер балаға мидағы қан кету диагнозын қойды. Бұл диагноз ультрадыбыстық зерттеу қорытындысымен расталған. Бірнеше рет ота жасалып, баланың жағдайы жақсара бастаған. Алайда, баланың миында алты ісік өсіп, алманың көлеміндей деңгейге жеткен.
«Мұндай жағдай еліміздің өзге қалаларында кездесті. Сол себептен, біз Атырауға балалар нейрохирургі Данияр Сабдиналиевті шеберлік сабағын өткізуге шақырдық. Бірнеше сағатқа созылатын ота кезінде баланың миындағы бұл патологияны алып тастадық. Қазір науқастың жағдайы қанағаттанарлық деуге болады», — деді нейрохирург Шодер Арипов.
Нейрохируг Шодер Арипов облыстық денсаулық сақтау басқармасының шақыруымен 2018 жылы Тараз қаласынан Атырауға көшіп келген. И.Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының түлегі травматологияда тәжірибе жинақтаған. Алайда, оны нейрохирургия қызықтырған. Бұдан бұрын Қарағанды, Тараз қалаларында жұмыс істеген.