СaspianLife, 21 шілде — Теңіз кенішіндегі «Isker» компаниясына қарасты мердігер компанияның 30-дан астам жұмысшысы уланып қалды. Олардың 11-і Жылыой аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылған.
Ал қалғандары компанияға қарасты емхана дәрігерлерінің қарауында. Барлығында бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, іш өту сияқты белгілер байқалған. Мамандар оларға «Тағамдық токсикологиялық инфекция» диагнозын қойып отыр.
«Барлығының жеген тағамы бір. Қазір сол тағамдарға байланысты эпидемиологиялық тергеу жұмыстары жүріп жатыр, тамақтың барлығы зертханаға тапсырылды». — дейді Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Бекешова.
Мамандардың сөзінше, алғашқы сынама қорытындысы 3 күннің ішінде дайын болады. Сондай-ақ, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген тексеру жұмыстары кезінде өзге де кемшіліктер анықталыпты. Ал 203 адамға арналған асхана жұмысы әзірге тоқтап тұр.