CaspianLife, 29 маусым — Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында автокөлік жолының құрылыс жұмыстары басталды. Жол салуға республикалық бюджеттен 414,5 млн теңге бөлінді. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоспар бойынша, Жолшы массиві көшесі, Алиев көшесі, 2, 3А, 9, 13, 14 шағынаудандарға асфальт төселеді. Қарақия аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асан Чукин құрылыстың биыл қарашада аяқталатынын айтты. Айта кетелік, жолдың ұзындығы 7,6 шақырымды құрамақ.
«Құрықта ауылішілік автокөлік жолдары құрылысының екінші кезеңін бастап жатырмыз. Конкурс нәтижесінде мердігер мекеме «Ақжол+К» ЖШС-і жеңімпаз деп танылды. Қазіргі таңда мекеме жұмыс күшінің және арнайы техникалардың көмегімен жол құрылысы жұмыстарын 13-шағын ауданнан бастап кетті», — деді Асан Чукин.