CaspianLife, 10 маусым — Ақтауда лифттер жаңартыла бастады. Олардың кейбірінің қолданысқа берілгеніне 40 жылдан асқан. Қазір 14 тұрғын үйдің жедел сатысы ауыстырылып жатыр. Жаңа лифттер 5,6, 7, 9,11,27,29 шағын аудандағы үйлерге орнатылады. Биыл 15 лифтті ауыстыру үшін бюджеттен қаражат бөлінді.
«Жедел сатыларды жаңартуға 220 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме конкурстан 190 млн теңге ұтып алды. Әр лифттің құны 10 млн тг», — дейді Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әнуар Туляков.
Жаңа жедел сатыларды орнату жұмыстарын «Лифтек» ЖШС атқарып жатыр. Толық жұмыстар қыркүйек айында аяқталады. Мамандар тек жаңа құрылғыны тұрғындардың күтіп ұстауы қажет дейді.
Ақтаудағы тұрғын үйлерде жыл сайын 15 жедел сатыдан ауыстырылып келеді. Мұндағы 183 көп қабатты үйде 388 лифт бар. Оның 34-і істен шыққан.