CaspianLife, 26 мамыр — Соңғы қоңырау мерекесінен шығып, жол апатына ұшыраған Сайөтес ауылындағы мектеп түлектерінің екеуінің жағдайы ауыр. Басына қан құйылып, комаға түскен бірі жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Ал, көлікте бірге болған қыз баланың жамбас сүйегі сынған. Мектеп бітірушілер санавиациямен Ақтауға шұғыл түрде жеткізілді.
Дәрігерлердің мәліметінше, ер баланың жағдайы ауыр болған соң реанимацияда жатыр, ал қыз бала ота қажет.
«Шетпе-Сайөтес» тас жолында аударылған жеңіл көлікті 17 жастағы жасөспірім басқарған. Ол рульге ие бола алмапты. Дене жарақатын алған тағы 5 оқушы Маңғыстау аудандық ауруханасының хирургия бөліміне жеткізілді. Жағдайлары бірқалыпты. Полицейлер осы дерек бойынша тергеуді бастады. Олар бұдан бөлек, тәртіпсіздік жасаған 90-ға жуық түлекті әкімшілік жауапкершілікке тартты.
«Құқық бұзушылық жасаған автокөлік жүргізушілері анықталып, жол қозғалыс ережелерін бұзғандары үшін 89 тұлғаға қатысты барлығы 119 әкімшілік іс құжаттары жинақталып, оның ішінде 35 автокөлік арнайы айыптұрақтарға жабылды. Түлектермен орын алған құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі көлік терезесінен бастарын шығарып, өз өмірлеріне қауіп төндіру болды», — деп мәлімдеді облыстық ПД өкілі Әйгерім Ибатуллаева.
Сондай-ақ, көлік құралдарының пайдалану қағидаларын бұзған 17 оқушы анықталып, әкімшілік кодекстің әртүрлі бөлігімен жауапкершілікке тартылды. Көлікті құжатсыз басқарған.