CaspianLife, 25 мамыр — Құлсары қаласындағы Атырау ықшамауданының тұрғындарын жол мәселесінен бөлек ауыз су мен интернеттің болмағандығы да қинап отыр. Тұрғындар суды арнайы машинамен тасымалдайды, алайда, жаңбырлы күндері жол болмағандықтан, олар да келмейтін көрінеді. Ал интернет пен телефон байланысының аты болғанымен, заты жоқ дейді тұрғындар. Бірақ “Қазақтелекомға” ай сайын ақша төлеп отыр.
2018 жылы аталған ықшам ауданнан 800 тұрғынға жер телімі берілген. Алайда арадан 4 жыл өтсе де, бұл жерде тек 200-ге жуық үй салыныпты. Тұрғындар бұның бірден бір себебі инфрақұрылымның болмауы дейді. Ал қала әкімі Ернар Ысмағұлдың сөзінше, жол салу жұмыстары бойынша мердігер мекемемен келісім шарт жасалған. Ауыз су мәселесі де шешілуге жуықтапты. Қазір құжаттар рісімделіп жатқан көрінеді.
«Бұйырса, келісім шарттың талаптарына сәйкес, жол салу құрылыс жұмыстары 2022 жылы аяқталуы тиіс. Су мәселесі бойынша Атырау ықшам ауданына жүргізілген ауыз су желілері Құлсары қаласы әкімі аппаратына тапсырылды. Жұмыстар бұйырса осы жылдың аяғына дейін толықтай аяқталуы қажет», — дейді әкім.
Заңға сәйкес азаматтарға жеке тұрғын үй салу үшін жер телімінің 3 жылға уақытша берілетіндігі белгілі. Ал қала әкімшілігі халықтың пандемия кезіндегі жағдайын ескере отырып, игеру мерзімі аяқталуға жақындаған жер учаскелерінің уақытын тағы да 1 жылға ұзартыпты. Бұл аралықта жол мен су мәселесі де реттеледі деп отыр қалалық әкімдіктегілер.