CaspianLife, 13 мамыр — Былтыр Маңғыстау облысында мұғалімдерден құқықбұзушылыққа байланысты 4 шағым түскен. Аталған фактілер бойынша кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жергілікті білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасының басшысы Есболат Өмірзақ мәлімдеді.
– Мәселен, жұмыстан заңсыз қуылған мұғалімнің арызы облыстық білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті жанынан құрылған консультативтік-кеңесші органда қаралды. Ақтау қалалық білім бөліміне жолданғаннан кейін ұстаз жұмысына қайта оралды. Тағы бір өтініште Мұнайлыдағы мектеп директоры мұғалімдерден ақша жинап, қызметтік міндеттеріне кірмейтін жұмыстар тапсырғаны жазылған. Мектеп басшысына ескерту берілді, — дейді Есболат Өмірзақ.
Оның сөзінше, «Педагог туралы заң» күшіне енгенімен, ұстаздар құқығы әлі де тапталуда.
– ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы 27 сәуірде «Педагог құқығын бұзуға жол бермеу туралы» бұйрық шығарды. Оған сәйкес, мұғалімдерді лауазымдық нұсқаулықтарда көзделмеген әртүрлі жұмыс түрлеріне тартуға, ұстаздардан жүргізілуі тиіс құжаттар тізбесінде көзделмеген есеп беруді талап етуге тыйым салынады. Сонымен қатар, оларға тауар сатып алу міндетін жүктеуге жол берілмейді, — деді Өмірзақ.
Бұған дейін, Қарақия кәсіптік колледжінің ұстаздары директордың мектептен тыс жұмысқа мәжбүрлегеніне шағымданған болатын.