CaspianLife, 12 мамыр – Атырауда 20 мамырдан бастап бұралқы иттерді аулайтын болады. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринариялық мониторинг және есептілік бөлімінің басшысы Нұркен Бояров мәлімдеді, деп хабарлайды «Ақ Жайық».
Бұған дейін қаңғыбас иттерді аулау және жою жұмыстары ҚР«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына байланысты тоқталыған болатын.
2022 жылдың бірінші тоқсанында облыстық аурухананың травматология бөліміне түрлі дәрежеде ит қапқан 71 бала келді. Былтыр 398 бала осы себеппен жедел жәрдемге жүгінді. Осы себептен, жергілікті қала әкімдігі мен барлық ауылдық округте қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары ұйымдастырылды.
— Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өтті. Жеңімпаз мердігер бүкіл жұмысты ұйымдастырады. Ал иттерді тірілей аулау осы жылдың 20 мамырынан басталады. Ауланған иттер питомникке орналастырылады, — деді Н.Бояров.
Биыл иттерді аулаумен «Inmarket» ЖШС айналысады. 8 млн теңгеге аулау және уақытша ұстау, атап айтқанда, процедура кезінде панажайда ұстау, күтім жасау, күнделікті тамақтандыру, чиптеу, ұрықсыздандыру (кастрация), құрттардан тазарту жұмыстарын жасайды. Қауіпті емес иттер аталған процедуралардан кейін босатылады. Жануарлардың жағдайын міндетті түрде жеңімпаз компанияның штатында болатын кинолог мен ветеринар анықтайды. Сонымен қатар, ветеринариялық клиникамен келісім болуы керек. Қыркүйек айына дейін мердігер компания 285 ит аулауы керек.