CaspianLife, 5 мамыр — Әлеуметтік желіде жарияланған видеоның авторы зардап шеккен азаматтың жарақатын көрсетті. Оқиға 4 мамыр күні Кендерлі ауылында болды. Елді мекеннің басшысы Мекен Үйсенов видеоға қатысты түсініктеме берді:
«Видеодағы ер адам «Тазалық-S» ЖШС-нің бұрынғы қызметкері, ол біздің әкімдікке Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жұмысқа орналасқан. Жұмысшы қаланың тазалығына жауап береді. Оқиғадан кейін көрші ауылдағы медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлер оны тексеріп, құтырмаға қарсы екпе салды. Зардап шегуші қазір еңбек демалысында, жағдайы тұрақты», — деді әкім.
Кендерлі ауылының басшысы соңғы кездері Жаңаөзен қаласы мен іргелес ауылдарда бұралық иттер санының көбейгенін, малға шабуыл жасау фактілері тіркелгенін айта кетті.
«Аудандық полицейлердің айтуынша, мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Қаңғыбас жануарларды аулауға ветеринария бөлімі жауапты. Осы жылдың наурыз айында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңы күшіне енгенімен, мамандарға бірнеше рет жүгіндік, бірақ олар жауап бермей отыр», — деді Мекен Үйсенов.
Осыған дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Марқабаев мәлімдегендей, жаңа заң талабы бойынша үйсіз жануарларды жоймай, ұстап алып, арнайы паналарға апару керек. Жергілікті билік олардың өңірде жақын арада бой көтеретініне сендірді.
Иттерді адамдарға шабуыл жасағанда ғана аулайды. Мұндай фактілер бойынша маңғыстаулықтар ветеринарлық бекетке барып, арыздана алады.
Айта кетелік, 2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында облыстың қалалық ветеринариялық қызметі 2200 қаңғыбас ит пен 201 мысықты аулап, жойылды.
https://www.instagram.com/tv/CdK-KrCDNrU/?igshid=YmMyMTA2M2Y=